Бала кезімізде ақ сақалды аталарымыз бен ақ шашты әжелеріміздің “Жасымда қаншалықты бейнет берсең, қартайғанымда соның зейнетін көрсете көр”, – деп жаратқанға жалбарынып отырғандарына талай куә болдық. Бұған қоса олар адам баласының әдемі қартая білуінің өзі баға жетпес бақыт екенін әр сөздеріне тұздық ететін. Қалай дегенде де Алланың берген ғұмырын әркім өз ақыл-парасатымен мәнді етпек. Қоғамның ізгілігі – балалар мен қарттарға жасалған қамқорлықпен бағаланатыны бұлжымас ақиқат. Бұл тұрғыда еліміздегі қариялар мәселесіне тоқталар болсақ, қарттар мен мүгедектер, қорғаушысы жоқ кембағалдар жалпы зейнеткерлер жайы Президентіміздің дәстүрлі халыққа Жолдауында назардан тыс қалған
емес. Осыған орай Жамбыл орта мектебінде «Жақыныңа жәрдемдес» айдарымен Тыл ардагерлерінің үй маңының қарын күресіп, ауласын сыпырып көмектесіп, қариялардың батасын алды. Ақпан айындағы жұмыстар жоспарына сай Тыл ардагерлерімен кездесу өткізді. «Ізбасар» тобы Хамзин Бейсенбай атамен кездесіп, балалық шағына шолу жасап тыл кезіндегі есінде қалған әңгімелерді естіп, таң қалып, оң әсер алды. «Болашақ» тобы Тыл ардагері, еліне еңбегі сіңген зейнеткер ұстаз Бурабаева Басар Қанашқызының үйіне барды. Балалар ұстаздың еңбек жолымен тансып, марапат қағаздарын көріп, көңілдеріне қонған сұрақтар қойып, сұхбаттасты. «Жалын» тобы да бала кезіннен еңбекке араласқан Сағынбеков Сәттәр атаның үйінде болып, фота альбомдағы ескі суреттерді сөйлетіп қайтты. Рухани жаңғыру бағытында жүргізілген бұл жұмыстар оқушылардың сабаққа деген құлшынысын арттырады және де
үлкендерге деген құрметін нығайтады деп білемін. Аузы дуалы ақсақалы бар ел жастарының қашанда жөнсіздік пен жолсыздыққа бой ұрмасы хақ. Бұған бала тәрбиесіне ерекше
ден қойған бабаларымыздың “атаңнан бота қалмасын, бата қалсын”, “түбіріне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы” деген қанатты сөздері дәлел. Өйткені, бүгінгі жас – ертеңгі қарт. Осы заңдылыққа бас иген қазақ қашаннан үлкенді сыйлауда тәспісінен жаңылмаған. Халқымыздың “Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет” немесе “Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді” секілді пәлсапалық мәні зор қағидаларының жасқа да, жасамысқа да бағдаршам іспеттес болуы соның жарқын айғағы. Ендеше үлкендерімізді құрметтейік!