1 Жүргізуші: Көктем келді жамылып арай нұрын
Шаттықтарға толғандай маңай бүгін.
Жауқазынға оранған жұмыр жерге
Көкжиектен қызықтап қарайды Күн.
Менің елім бұл күні сән құрады:
Жүгіргенде қыз қылық тау бұлағы,
Тербеледі тіл қатып тал, құрағы,
Зулап алға даланың арғымағы,
Дүбірінен қалалар жаңғырады.
Найзағайлы түндердің сәбиіндей,
Көктем таңы қызарып албырады.
2 жүргізуші: Қыстан қысылып шыққан тіршілік иесінің бәрінің бойына нәр бітіріп, көңіліне қуаныш ұялатар, шуақты көктемнің келуімен баршаңызды құттықтаймын. Көктемнің қанатына ілесе жететін, барша жанның асыға күтетін аналар мерекесі де келіп жетті. Олай болса, асыл аналар, аяулы ұстаздар, сұлу жеңгелер, қымбатты қыздар баршаңызды алда келе жатқан 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен тағы да құттықтаймын. Өмірлеріңізге шапағат, көңілдеріңізге қанағат, жүректеріңізге махаббат тілей отырып, “Мен қазақ қыздарына қайран қалам, жарасып жеңгесімен жайраңдаған” атты мектепішілік сайысымызға қош келдіңіздер дегім келеді.
Құттықтау сөз кезегін мектебіміздің директоры Дюсекеева Меруерт Оразалықызына беріледі.
Мектебіміздің өнерлі талантты ұстазы Аубакиров А.Д орындауында “Асыл ана” әні тек өздеріңізге арналады аяулы да асыл аналар.
1. жүргізуші :Есімдерін тура айтпай, “Ботагөз”, “Сұлуқыз”, “Шырайлым”, “Еркем” деп әдемі ат қоя жүріп, жеңгелері де қайынсіңлілеріне өздерінің бар білгендерін үйрете білген. Осы бір жеңге мен қайынсіңлі арасындағы нәзік те берік байланыстың бүгінгі күнгі көрінісі қандай, бүгінгі қазақ қыздары мен келіндерінің халық дәстүрін қаншалықты білетіндерін аңғару мақсатында осы сайысты ұйымдастырған едік. Ендеше, сайысымыздың қатысушыларымен таныс болайық.
1. Оразалы Кәусар жеңгесі Қабылтаева Ғалия Абайқызы
2. Жүніс Балжан жеңгесі Смагулова Аягөз Серікқызы
2. Шахмашова Жансая жеңгесімен Смайлова Айнұр Қажымұратқызы
2.Жүргізуші: Сайысымыз алты бөлімнен тұрады.
1.“Сәлем – сөздің анасы” (Қатысушылардың өздерін таныстыруы)
2.“Қызға қырық үйден тыю” Қазақы ұғымдарға байланысты шапшаң сұрақтар.
3.“Ана көрген тон пішер” (Қолөнер сайысы)
4.“Өнерлі өрісі кең” Өз өнерлерін көрсету.
5. салат
6. “Жеңгесі бар қандай - ды” Сәндеу,шаш үлгісі
7.“Үкілі камшат, бүрмелі көйлек” сән үлгісін көрсету.
Сайысымызды бастамас бұрын әділ баға беріп, төрелігін айтар әділқазылар алқасымен таныс болайық:
жеребилерін алсын
Ендеше алғашқы бөлімге кезек берейік.
1. Жүргізуші “Сәлем – сөздің анасы”. Қатысушылар өздерін таныстырады.
Мың бұралған арулар билей басып,
Келеді әне ортаға толқып тасып.
Аруларын сыйлаған халқым менің,
Көңілді қошеметпен қарсы алайық.
2. Жүргізуші:
Қазақтың түрлі - түрлі дәстүрі бар,
Оның сырын ашқанда жұрт қызығар.
Жауаптарын таба ма екен арулар.
Қойылғанда төмендегі сұрақтар, дей келіп, кезекті ІІ бөлімге береміз.
ІІ бөлім. “Қызға қырық үйден тыю” Қазақы ұғымдарға байланысты шапшаң сұрақтар.
Әр сұраққа 1ұпай беріледі.
Шапшаң сұрақтар:
1. Түндік дегеніміз не? (Шаңырақ үстінен жабылатын төртбұрышты киіз)
2. Қандай жілік қыз балаға қойылмайды? (кәрі жілік)
3. Үш арсызды ата. ( Ұйқы, күлкі, тамақ)
4. Мақалды жалғастыр. Абысын тату болса, ас көп,…(Ағайын тату болса, ат көп)
5. Бір рудан тараған туысты қалай атайды. (әулет)
6. Адалбақан дегеніміз не? (ертедегі киім ілетін ағаш)
7. Қонақтың түрлерін ата. (Арнайы қонақ, құдайы қонақ, қыдырма қонақ, қылғыма қонақ)
8. Жол мақсаты не? (Жол мақсаты – жету)
9. Төскімге тартылады? (күйеу балаға)
10. Керегенің іргесінен уықтың ортасына дейінгі жерді, кереге басынан шаңырақ шеңберіне дейінгі аралықты жауып тұратын киіз қалай аталады? (Туырлық)
11. Ерулік дегеніміз не? (Басқа жерден көшіп келген адамды көршілерінің қонаққа ас беруі)
12. Мақалмен түсіндір. Қандай ат қай кезде жанына торсық байлатпайды? (жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас)
13. “Тасбақа дауылы” қай уақытта болады? (Сәуір айында)
14. Таста не жоқ? (Таста тамыр жоқ)
15. Жасау дегеніміз не? (Ұзатылған қызға берілетін дүние мүлік)
16. Сонар сөзі қай кәсіпке байланысты қолданылады? (аңшылық)
17. Бәсіре дегеніміз не? (Қыз ұзатылғанда немесе жиен алғаш келгенде меншіктеп аталатын, ен салынған мал.)
18. Киіз үйдің қанаты қанша болады? (3қанаттан бастап 12 қанатқа дейін болады)
19. Мақалмен түсіндір. Қандай адам өліде жыласпайды? (Тіріде сыйласпаған, өліде жыласпайды)
20. Бөстек дегеніміз не? (Малдың не аңның иленген жұмсақ терісіне киізден астар салып жасалған төсеніш)
1 Жүргізуші: ІІІ бөлім “Ана көрген тон пішер” (Қолөнер сайысы).
2. Жүргізуші: ІҮ бөлім. “Өнерлі өрге жүзер”Өз өнерлерін көрсету
1. Жүргізуші Ү бөлім. «Дастархан көркі» Салат жасау. .
2. Жүргізуші: ҮІ бөлім Жеңгесі бар қандай - ды” Жеңгесі қайынсіңілісін сәндеу
1. Жүргізуші: Мектебіміздің ару қызы Оразалы Динаның орындауында «Анаға тілек» әні қабыл алыңыздар!
2. Жүргізуші: ҮІІ бөлім. “Үкілі камшат, бүрмелі көйлек” сән үлгісін көрсету
1. Жүргізуші: Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда”- демекші, сайыс болған жерде алға озып шығу бар да, кейінде қалу бар. Бүгінгі сайыста сынға түскен аруларымыз бен жеңгелеріміздің бәрі де шетінен көрікті де ақылды, білімді де өнерлі екенін байқадық. Десек те, қайсысының тұлпары оза шапқанын айтар әділқазыларға сөз кезегін береміз.
2. Жүргізуші: Осымен “Мен қазақ қыздарына қайран қалам, жарасып жеңгесімен жайраңдаған” атты мектепішілік сайысымыз өз мәресіне жетті. Алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге көп рахмет. Жақсы күндерде жолыққанша.