Құрметті отандастар!
Құрметті Парламент палаталарының төрағалары, депутаттар, Үкімет мүшелері!
Парламенттің кезекті сессиясының жұмысы күрделі кезеңде басталып отыр.
Елімізде жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда. Біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік. Осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылды. Індетпен күрес дана халқымызға тән асыл қасиеттердің арқасында жүзеге асты. Өзгеге қол ұшын созып, тілеулес болу, тосыннан келген кеселге қарсы тұру маңызды екені анық байқалды. Дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге және осындай шақта бей-жай қалмаған барша азаматтарға шын жүректен алғыс айтамын. Сіздер айрықша табандылықтың және зор жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер. Бұл Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі деп санаймын. Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу. Дағдарысқа қарсы жедел шаралардың екі топтамасы қабылданды. Уақытша табыссыз қалған 4,5 миллионнан астам азаматымыз 42 мың 500 теңге мөлшерінде көмек алды. Бұған 450 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Осындай жәрдем көршілес елдерде, тіпті, басқа ірі мемлекеттерде берілген жоқ. Миллионнан астам адамға азық-түлік және тұрмыстық заттар қоржыны берілді. Елбасы – "Nur Otan" партиясы төрағасының бастамасымен 550 мыңнан аса отбасы "Біргеміз" қорының қолдауымен бір жолғы қаржылай көмекке ие болды. Пандемия барлық мемлекеттер үшін сынақ кезеңіне айналды. Олар індетпен күрес жолында көп қиындықты бастан өткеруде.